Жаңартылған конституциялық нормалар – медициналық қызметтердің қауіпсіздігін жүйелі түрде арттырудың және сапаның мүлде жаңа стандарттарын қалыптастырудың тікелей құқықтық тетігі.
Осыған байланысты біздің медициналық орталықтың осы жоғары талаптарға толық дайын екенін ерекше атап өткіміз келеді. Халықаралық озық сапа стандарттарын енгізу, қатаң тәуелсіз аккредиттеулерге тұрақты дайындық жүргізу және жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу – бүгінгі таңда жүйелі түрде атқарып отырған негізгі жұмысымыз.
Біз жылдан жылға жоғары технологиялық медициналық көмектің аясын кеңейтіп, аз инвазиялық емдеу әдістерін, күрделі әрі бірегей операцияларды және цифрлық шешімдерді енгізіп келеміз. Әлемнің жетекші медициналық орталықтарының озық тәжірибесін белсенді түрде меңгеріп, оны елімізде кеңінен қолданудамыз. Соның нәтижесінде бірегей операцияларды еліміздің әрбір тұрғыны үшін қолжетімді етуге ұмтылып отырмыз.
Ағымдағы жылы орталығымыздың мамандары науқасқа LVAD құрылғысын сәтті имплантациялады. Мұндай операцияның жүзеге асырылуы Жетісу облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды тарихи оқиға болды. Өңір тұрғындары алғаш рет еліміздің жетекші медициналық орталықтарына жолданбай-ақ, осындай деңгейдегі жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігіне ие болды. Жыл соңына дейін жоғары технологиялық медициналық көмектің 20 түрі бойынша 540-тан астам операция жүргізу жоспарланып отыр.
Заманауи практикалық денсаулық сақтау жүйесін академиялық ғылымнан бөліп қарастыру мүмкін емес. Біздің стратегиялық міндетіміз – ғылыми-зерттеу қызметі мен клиникалық тәжірибенің үздіксіз ықпалдасуын қамтамасыз ету. Әрбір ғылыми патент пен инновациялық әзірлеме науқасты емдеу үдерісіне жедел енгізілуге тиіс, ал әрбір күрделі клиникалық жағдай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге қызмет ететін жаңа білімнің негізіне айналуы қажет.
Жаңа Конституцияның мызғымас қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстанның медицина қауымдастығы адамды, оның өмірі мен денсаулығын ең жоғары құндылық ретінде айқындайтын қуатты әрі прогрессивті мемлекет құру ісіне өзінің іргелі үлесін қосатынына сенімдіміз.